Ішкі қауіпсіздік бөлімі туралы ереже
Қазақстан Республикасы
Сот әкімшілігі басшының
2023 жылғы «7» қыркүйектегі
№ 6001-23-7-6/443
өкімімен бекітілген
Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің
Ішкі қауіпсіздік бөлімі туралы
ЕРЕЖЕ
- Жалпы ережелер
- Ішкі қауіпсіздік бөлімі (бұдан әрі - ІҚБ) Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің (бұдан әрі – Сот әкімшілігі) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
- ІҚБ өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Сот әкімшілігі туралы ережені, Жоғарғы Сот Төрағасы мен Сот әкімшілігі басшысының бұйрықтары мен өкімдерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
- ІҚБ-нің құрылымы мен штат кестесін Сот әкімшілігінің басшысы штат санының лимиті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітеді.
- ІҚБ-нің міндеттері, құқықтары мен міндеттемелері
- Міндеттері:
- Қазақстан Республикасының сот жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның көріністеріне қарсы іс-қимыл жасау;
- сот төрелігін тәуелсіз жүзеге асыру үшін қажетті әрі жеткілікті жағдайлар жасау, сондай-ақ соттар ғимараттарының және сот процестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету..
- Құқықтары мен міндеттемелері:
- Жоғарғы Соттың Төрағасы мен Сот әкімшілігінің басшысына Сот әкімшілігі ІҚБ қызметін жетілдіру және ұйымдастыру мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;
- тексеруде тұрған материалдар бойынша сот жүйесінің қызметкерлерін шақыруға, олардан заңда белгіленген тәртіппен жазбаша түсініктемелер беруді талап ету;
- жүргізіліп жатқан тексерулер шеңберінде Жоғарғы Сот Төрағасының тапсыруы немесе рұқсаты бойынша судьяларға (олардың келісімімен) жауап алуды жүргізу;
- судьялар лауазымына кандидаттар мен сот жүйесінің қызметкерлерін беделді түсіретін мәліметтердің бар-жоғы жөнінде зерделеп, тиісті ұсыныстар шығару;
- қызметтік куәлігін көрсетіп, кедергісіз және кез келген уақытта соттардың ғимараттары мен үй-жайларына (режимдік үй-жайларды қоспағанда) кіруге, қызметтік немесе өзінің автокөлігімен соттардың аумағына (оның ішінде паркингтерге, заңда белгіленген қағидалар сақталған жағдайда) өтеді, Сот әкімшілігі және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлерінен ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды іске асыруға жан-жақтылы көмек көрсетуді талап ету;
- Сот әкімшілігінің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінде және жергілікті соттарда қызметтік міндеттерді жүзеге асыру үшін кез келген құжаттарды, статистикалық ақпаратты, талдамалық материалдарды және басқа да мәліметтерді сұрату және алу;
- құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен, заңды және жеке тұлғалармен, халықаралық ұйымдармен және серіктестермен өзара іс-қимыл жасау;
- Сот жүйесінің барлық ақпараттық ресурстарына толық қол жеткізу: «Сот кабинеті», «Е-кадрлар», «АВФ отчеты», «АРД»;
- Жоғарғы Сот Төрағасының және/немесе Сот әкімшілігі басшысының рұқсатымен немесе тапсырмасы бойынша заңда белгіленген тәртіппен ІҚБ-не жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің жеке істерінің материалдарымен танысу;
- сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды және оған қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету желісі бойынша Сот әкімшілігінің аумақтық бөлімшелерінің қызметіне тексеру жүргізу;
- ІҚБ-нің аумақтық бөлімшелеріне өздеріне жүктелген міндеттерді іске асыруда практикалық және әдістемелік көмек көрсету;
- ІҚБ-нің аумақтық бөлімшелерінің қызметіне талдау жүргізуге, құзыреті шегінде оларға орындау үшін міндетті тапсырмалар мен нұсқаулар жіберу, есепті деректерді және ІҚБ-не жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді сұрату;
- ІҚБ құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестерді, отырыстарды, жұмыс кездесулері мен семинарларды өткізуге және қатысуға, оның ішінде өзге мемлекеттік органдар өткізген кезде қатысу;
- ІҚБ-не жүктелген міндеттері мен функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ету;
- Сот әкімшілігінің басшысы бекіткен ІҚБ қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарына сәйкес берілген өкілеттіктер шегінде қызметті жүзеге асыру;
- Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау, мемлекеттік құпияларды, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында, Жоғарғы Сот Төрағасының және Сот әкімшілігі басшысының актілерінде көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.
- Функциялары:
- қауіпсіздік қатерлерін мониторингілеу, талдау, бағалау және болжау;
- қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы шетелдік және отандық прогрессивті тәжірибені зерделеу және талдау және оны сот жүйесінің қызметіне енгізу;
- құқық қорғау органдарымен бірлесіп, судьялар мен олардың отбасылары мүшелерінің олардың қауіпсіздігін, кәсіби қызметке байланысты өмірге және денсаулыққа қол сұғылмауын, сондай-ақ сот жүйесі ғимараттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
- басқа мемлекеттік органдар, ұйымдар мен жеке адамдар тарапынан судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің заңды қызметіне заңсыз араласу фактілеріне жол бермеу және олардың жолын кесу бойынша шаралар қабылдау;
- соттардың ғимараттарының қауіпсіздігін, сондай-ақ сот процестерін жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру;
- соттардың аумақтары мен ғимараттарында өткізу және ішкі объектілік режимді ұйымдастыру;
- Қазақстан Республикасының сот жүйесінің қарауындағы террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау саласындағы қызметті ұйымдастыру және үйлестіру;
- соттар ғимараттарының инженерлік-техникалық жағдайының нығайтылуына талдау жасауды жүзеге асыру, оны жетілдіру бойынша, оның ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және сатып алынатын жабдықтар мен көрсетілетін қызметтердің техникалық ерекшеліктерін дайындауға арналған шығыстарды жоспарлауға қатысу жолымен ұсыныстар енгізу;
- өнім берушілердің қауіпсіздіктің техникалық құралдарының жабдықтары және қауіпсіздік жүйелері, оның ішінде бейнебақылау, кіруді бақылау және басқару (КББҚ), өрт және қорғап дабыл қағу бойынша көрсетілетін қызметтер жөніндегі шарттық міндеттемелерін сапалы орындауына ведомстволық бақылауды жүзеге асыру;
- сот жүйесінің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ІҚБ аумақтық бөлімшелерінің қызметін үйлестіру;
- сот приставтарының жұмысын ұйымдастыру және қызметін үйлестіру;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік және ведомстволық стратегиялар мен бағдарламаларды іске асыру бойынша жұмысты ұйымдастыру;
- сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасауды жүзеге асыру, оларды жою бойынша ұсыныстар енгізу;
- сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның сот жүйесіндегі көріністеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру;
- судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық көріністері туралы ақпаратты жинауды, толықтыруды және талдауды жүзеге асыру;
- сыбайлас жемқорлық және өзге де құқық бұзушылық фактілері бойынша судьялар мен сот жүйесі қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы мәліметтердің орталықтандырылған есебін жүргізу;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқық қорғау органдарымен және арнайы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
- сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның сот жүйесіндегі көріністеріне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ІҚБ аумақтық бөлімшелерінің қызметін үйлестіру
- Сот әкімшілігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларының сақталуына бақылауды жүзеге асыру;
- сот жүйесінің кадрлық мәселелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
- Жоғарғы Сот Төрағасының және/немесе Сот әкімшілігі басшысының тапсырмасы бойынша судьялар мен сот жүйесі қызметкерлері жол берген сыбайлас жемқорлық фактілері мен өзге де құқық бұзушылықтар бойынша қызметтік тексерулер жүргізу;
- Жоғарғы Сот Төрағасының және/немесе Сот әкімшілігі басшысының тапсырмасы бойынша Сот әкімшілігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарына қатысты өздеріне тікелей бағынысты сотталған қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін қызметтік тексерулер жүргізу;
- сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері туралы жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен өтініштерін қарау.
- ІҚБ қызметін ұйымдастыру
- ІҚБ заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес оның негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерге ие.
ІҚБ Жоғарғы Соттың Төрағасы мен Сот әкімшілігінің басшысына ғана бағынады және есеп береді.
ІҚБ қызметі Жоғарғы Соттың Төрағасы мен Сот әкімшілігінің басшысы белгілеген басымдықтарға сәйкес жоспарлы негізде құрылады.
- ІҚБ-ін Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын меңгеруші басқарады.
- ІҚБ меңгерушісі:
- ІҚБ-нің жұмыс жоспарын бекітеді;
- Сот әкімшілігінің басшысына ІҚБ құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді;
- ІҚБ-нің аумақтық бөлімшелері туралы ережені келіседі;
- ІҚБ-нің аумақтық бөлімшелері басшыларының қызметіне баға береді, олардың есептерін тыңдайды, оларды көтермелеу және жаза беру туралы ұсыныстар енгізеді;
- құзыреті шегінде Сот әкімшілігінің ІҚБ мен ІҚБ аумақтық бөлімшелері қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті нұсқаулар береді;
- заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
- ІҚБ-нің меңгерушісі қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және ІҚБ-ға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларының жүзеге асырылуына дербес жауапты болады.
- ІҚБ меңгерушісінің орынбасары:
- өз өкілеттігі шегінде ІҚБ қызметін үйлестіреді;
- ІҚБ меңгерушісі болмаған кезде жұмысқа жалпы басшылықты жүзеге асырады және ІҚБ-ге жүктелген міндеттердің орындалуы және оның функцияларды жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады;
- ІҚБ меңгерушісі жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
- Сот әкімшілігінің қызметкерлері, сондай-ақ оның аумақтық бөлімшелері ІҚБ-нің алдына қойылған міндеттерді іске асыруына жан-жақты көмек көрсетуге және ІҚБ-нің заңды талаптарын орындауға міндетті.
- ІҚБ аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлерін жұмыстан шығару және тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдау кезінде барлық материалдардың көшірмелері ұсыныла отырып, Сот әкімшілігінің ІҚБ меңгерушісіне міндетті түрде хабарланады.
- ІҚБ қызметкерлеріне осы Ережеде көзделмеген функцияларды жүктеуге жол берілмейді.
- ІҚБ атынан оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жіберілетін құжаттарға меңгеруші, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын тұлға қол қояды.